Өлген тіліне жан беріп, өшкен тілін өсіруге ұмтылып отырған үш халық бар. Біріншісі - еврейлер. Өлгеніне 2000 жыл болған тілдерін ескі кітаптарынан іздеп жүріп тірілтіп алды. Бұл күнде бұл тіл Израиль мемлекетінің тілі. Қолданушыларының саны 7 миллионнан асады. Өздерінің арнайы жазулары бар. Бұл жазулары да ерекше. Еврейлердің осы жазуына, осы рухына қарап отырып, қазақ жазуын латыншаға да, арабшаға да, славяншаға да көшірудің қажеті жоқ болар деп ойлап қаламын кейде. Себебі, арабшаң да, латыншаң да, славяншаң да қазақ мәдениетіне жат. Өзгелердің, әсіресе орыс шовинстерінің «түркілер адамзат өркениетіне үлес қосқан жоқ» деген былжырақтарына дәлел тауып бергендейміз. Еврейлер өлген тілі түгілі, өлген жазуын тірілтіп алғанда, біз де баяғыдағы ата-бабаларымыз қолданған төл жазуларымызды қолдансақ, ұлттық даралығымызды сақтап қалуға, өзіміздің тамырымыз тереңдегі ұлт екенімізді ғаламға әйгілеуге болатындай. Әрине, қай жазуға көшсек те, бір жолда көше салу қиындау. Бірте-бірте көшу керек. Өлген тілдерін тірілтіп алған екінші бір ұлт - ирландтар. Бұларды ағылшындар айриш деп атайды, кейде галик дейді. Кейде қосып, айриш галик дейді. Осы ирландтардың ағылшындардан көрмеген қорлығы жоқ. Егемендігін ала сала, ең алдымен өлген тілдерін тірілтуге кірісті... Ал үшінші ұлт - қазақтар. Құдайға шүкір, жоғарыдағы екеуіне қарағанда, қазақ тілінің халі жақсы. Олар құсап өле қалған жоқ. Бірақ өлмесе де, өлгеннің ар жақ-бер жағына барды. Көрге кірмесе де, көрдің аузына жақындап-ақ барды. Бір Алланың құдыретімен аман қалды. Қазақ тілінің жағдайы ирланд тілі мен еврей тіліне қарағанда салыстырғысыз деңгейде жақсы. Бірақ бұл біздің қазақ тілі үшін күресімізді тоқтатуымыз керек дегеннен дерек бермейді. Еврей тілінің артында бай да бақауатты, ұлтшыл, ұлты үшін аянбай күресе алатын еврей зиялылары, еврей элитасы тұр. Ирланд тілінің артында да сондай. Ағылшындардың қорлығын жеріне жете көрген ирландтар атажауларының тілінде сөйлеуден арланады. Ана тілін білмейтін, ағылшынша оқып, ағылшынша тәрбиеленген ирландтардың атажауының тілінде сөйлеуден арлануының өзі біздің орыс тілінде сөйлегенді мақтаныш сезінетін мәңгүрттеріміздің қылығына қарағанда, адамгершілік! Адамдық! Саналылық! Дереккөз: "Мың бір сапар" кітабы.