ЖЕЛТОҚСАН – 86. Алаңдағы ауыр жағдайды көзімен көрген куәгерлер әңгімелейді..
Биыл Тәуелсіздікті жақындатқан, 90-жылдық сеңді бұзған, ұлттың оянуына ықпал еткен атақты Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толып отыр. 1986 жылдың желтоқсанындағы сарышұнақ аязда елді Қонаевтың орнына басқаруға келген Колбинге қарсы “Қазақты қазақ басқаруы керек” деген ұранмен Алматы алаңы мыңдаған жасқа толды. Олар өз құқығын талап етіп, үш күн бойы алаңнан кеткен жоқ. Талай студент сол үшін оқудан шығарылды, талай жас жігіттер сотталды, тіпті Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбира секілді өмірі қыршыннан қиылғандар да болды. Тәуелсіздік оңай келген жоқ.
Ең өкініштісі, арада ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, Желтоқсан көтерілісіне дұрыс баға әлі берілген отыр...
Досымбек Қожмамбетов:
“Өрт машиналары шашқан судан алаң мұз айдынына айналды”
Ол кезде мен құрылыста істей жүріп, университеттің журналистика факультетінің сырттай оқу бөлімінің алтыншы курсында оқитын едім.
...Кешкісін қасымда есімдері елге белгілі екі журналист бар, алаңға қарай бет алдық. Келіп жеткенімізде адамдар өте көп жиналған екен. Көбі жастар. Құрылыста істейтін жастар арасынан таныстарымды кездестірдім. Мінбеде тұрған Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасары Басаров: “Қайтыңдар, қайтыңдар! Әйтпесе күшпен таратамыз, қиын болады!” деп өктем-өктем үн қатады. Оны тыңдар жастар жоқ. Қайта топ-топ болып “Елім-ай” әнін айтқан қыз-жігіттер үстемелей келіп қосылуда. Тіпті алаңда тұрған адамдардың: “Ей, Басаров, шүлдірлемей қазақша айт! Конституцияның негіздері неге орындалмайды? Колбин жөніне кетсін, Қонаев, Қонаевты шығарыңдар” деген жекелеген дауыстар ортақ үнге ұласып та қалады.
Мінбенің оң жақ, сол жақ шетінде тұрған, қолдарында қалқандары мен резіңке шоқпарлары бар милициялардың да саны көбейе бастады. Бір кезде қол ұстасып, өлең айтып наразылық білдіріп тұрған жігіттер мен қыздарға өкімет үйі жағынан бір ротадай милиция солдаттары лап қойды. Ондай ұрысты күтпеген жастарымыз төпеген таяқтың астында қалды. Солдаттар лап берді де, бас-көз демей сабалап, жараланған, жығылғандарды өздерімен ала кетеді. Сонда да бәрібір жастарды алаңнан кетіре алмады. Кеш қараңғылығы қоюланды. Міне, қаз-қатар тізілген өрт машиналары су шашты. Сөйтіп, бейбіт қарсылыққа қарсы ойына келген ойранды істеп бақты.
Бұл күнгі желтоқсан айының ызғары да тым қатты еді. Шашылған судан алаң дайын мұз айдынына айналды. Осы кезде менен үш-төрт метрдей алда тұрған жігітті қақ маңдайдан бір солдат салып өтті. Ол әп-сәтте құлаған теректей серең етіп, үнсіз қалды. Біз солдаттарды мінбеге дейін қуалап, тағы да тойтарыс бердік. Бір сәт ұрыс тына қалды, мұз айдынында қансыраған, қимылсыз жатқан қыз-жігіттерімізді орнынан тұрғызып, тұра алмайтынын көтеріп алаң шетіне жеткізе бастадық.
Құттыбек Аймаханов:
“Бір қыз тура шекесінен қатты тиген соққыдан ұшып түсті”
Мен суық хабарды жұмыста жүріп естідім. Содан кейін-ақ жұмысыма қолым бармай қойды. …Мен алаңға келгенде ондағы қарақұрым халықты көрдім. Алаңда қанша тұрғанымызды, уақыттың қанша болғанын білмейміз. Бір кезде алаңның бір бүйіріндегі халық дүркіресіп, айқай-шудан төңірек азан-қазан болды. Осыны пайдаланып, солдаттар да бізге қарай лап қойды. Кенет сол аяғымның тізесіне қатты соққы тиді. Ет қызуымен біраз жерге дейін барған болдым. Содан кейін-ақ аяғымды баса алмай тұрып қалдым. Бірақ жарақатқа қарайтын шама қайда? Әлгі машиналар су шашып келеді екен. Бір жағымыздан – солдаттар, екінші жағымыздан машиналар тықсырып, әбден састық. Сөйтіп жүргенде, аяғым тайып, шалқалай құладым. Мені құтқаруға ұмтылған екі-үш жігітті арттарынан ұрған судың екпіні мұрттай ұшырды. Әйтеуір біреулер мені жатақханаға алып келіпті. Тізем домбығып ісіп кеткен. Аяқтарым мұз болып қатып қалыпты. Үсті-басымның бәрі малмандай су.
Ертесінде, яғни 17-желтоқсанда жұмысқа барайын деп аялдамаға келсем, көшеде жиналып жатқан жастарды көрдім. Топқа мен де қосылдым. Алаңға ертелеп жиналған жастар тобы көбейіп қалған екен. Бірақ алдымызды бақайшақтарына дейін мұздай қаруланған жасақтар тобы бөгеді. Олар біздерді аяусыз сабауға кірісті. Қарусыз, қорғансыз жастар кейін қарай дүрліге қашуда. Кейіншектеп бара жатып, біреулерге соқтығысып қалдым. Сөйтсем жолды кесе-көлденең өңшең қыздар қуғыншылардың жолын бөгемек болып отыра қалыпты. Қыздарды ұрмайды деп ойласа керек. Бірақ көздері қанға толған жандайшаптар оларды аяған жоқ. Жан-жақтан сілтенген сойылдар аруларымыздың басына жауып кетті. Оларға араша түспекке біз де ұмтылған едік. Қатты тиген бір соққыдан қабағым жарылып, қан сорғалап жүр. Басындағы жаулығы сыпырылып иығына түскен бір қыз әлденені айтып түсіндірмекші еді, тура шекесінен қатты тиген соққыдан ұшып түсті. Бет-аузын қан жуып кетті. Соққылар бұдан кейін де тиылмады. Әлгі қыз қыбырсыз қалды.
24-желтоқсанда мені қамауға алды. Бес жыл беріп, Қостанайға жөнелтті.
Ғабиден Бөлеков:
Ұрғанға да, тепкенге де көндім
Алаңда қолға түстік. Бәріміз ұрылғанбыз, соғылғанбыз. Біреуінің көзі көгерген, екіншісінің басынан аққан қан маңдайына қатып қалған. Ана жерге апарамыз дейді, орын жоқ. Мына жақтың қамайтын жерін сұраса, тағы да апарған адамдарды сыйдыра алмай жатыр. Содан не істейді, қаланың сыртына қарай әкетті. “Өжеттің” жанынан өтіп бара жатқанда: “Жігіттер, мені осында қалдырып кетсеңдерші”, - дедім. “Енді шықпайсың ба?” – деді, “Шықпаймын, ертең жұмыс қой”, - дедім. Содан үйге қайтып келе жатсам, қалада жұмыс істейтін ауылдың жігіттері түнгі кезектен қайтып келе жатыр. Бетім ісіп кеткен, басымда үлкен жара. Дауысым да өзгеше шыққан шығар, олар мені танымай қалды. Үйге сүйретіліп әрең келдім. Жаттым. Сол жатқаннан екі күн орнымнан тұра алмадым. 19-ы күні қиралаңдап жүруге жарадым-ау. Емханаға баруға тура келді. Енді жұмысқа бірдеңе деу керек қой. Ем жасайды, қағаз береді деген дәрігерім: “Ничего было на площадь ходить”, - дейді. Сөйтті де мүлде қарамай қойды. Бір боқтадым да кеттім. Не болса да жұмысқа барайын дедім. Абай даңғылы мен Бауман көшесінің қиылысында аялдамада тұрғанбыз. Қызыл жағалы милиционерлер мен солдаттар тып-тыныш тұрған маған жармасып, машиналарына салып алды. Қанша қарсыласқаныма қарамай күштеп мінгізді. Содан Әуезов аудандық ішкі істер бөліміне әкелді. “Кімсің? Қайдансың? Бет-аузыңа не болған?” Қойшы әйтеуір, сұрайтындар көп. Бірінен кейін бірі қыспаққа алып, кешкі тоғызға дейін ұстады. Арасында айтпайтындары жоқ. “Своего архара хотели посадить” дейді. Ұрғанына да, тепкеніне де көндім. Қарсыласып абырой табасың ба, одан бетер тепкілейді. Барар жер, басар тауымның қайда екенін құжаттарымнан нақтылады. Қараңғы қоюланғанда бір-ақ жіберді. Оңымнан да, солымнан да суретке түсіріп алып қалды. Сөйтсем соңыма шырақ ала түскен екені бұл. Маза бермеді-ау!
1987 жылдың 7 қаңтары күні таңғы сағат бесте есікті тарсылдата соғып бір кісілер келді. Ұру, соғу, тексеру. “Қанша машина өртедің?” дейді. “Қанша солдатты жарақаттадың?” дейді. “Целинный” кинотеатрының жанынан қанша өтсек те, ол маңда адамды қорлайтын осындай орын барын кім ойлапты. Сөйтсем, нағыз тамұқ сонда екен. Подвалында жоғарыдан өтетін қара құбыр бар. Торлы темірмен мені көтеріп, соған асып байлап қойды. Содан салбырап тұрдым. Тұрғаны не, аяқ жағым, тіземнен төмен жағым ыстық батареяға тиіп тұр. Ып-ыстық. Кемі 80-90 градустық ыстық қой ол! Оларға да керегі сол, есімнен танып қалсам да солай қорлаған. Тиген жерлердің бәрі күлдіреп күйіп қалған. Еттерімнің пісіп кетпегеніне тәуба деймін. Батарея күйдірген денемнің бәрінде өмірі өшпейтін із-тыртықтар қалды. Түрмедегі азапты күндерім осылай өтті. 2000 жылы ақталдым. Бірақ аурумын. Ешбір жұмысқа жарамаймын. Психикалық ауытқуы бар, жүйке аурулары қатарында тіркеуде тұрған адамға жұмыс бере ме? Екінші топтағы мүгедек ретінде ақша аламын. Жанбағысым сол...
“Алматы. 1986. Желтоқсан” кітабы бойынша дайындалды