Оспан батыр, соғыс туралы кітапта: «Генерал Банкені он адамымен оңашада атып тастадық. Соңғы Ышқынты шайқасында генерал Разборов өлтірілді. Соңғы бітімде орыстар генералдарының басын сұрады. Генерал Банкенің сүйегін бердік. Разборовтың сүйегін бермедік. Өйткені ол соғыс қылмыстысы еді. Көктоғайдағы орыс елшілеріне Ырысхан: “Сендер 1937 жылы атып өлтірген Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың басын әкеліп беріңдер, сонда біз генералдың басын береміз» деді. Сөз сонымен тынышталып қалды» деп жазыпты. Осылай 1945 жылдан кейін Оспан батырға қарсы – жаңадан орнаған Шығыс Түркістан Республикасының армиясы, Кеңес Одағы тарапынан барған әскерлер, Моңғолияның арнаулы бөлімдері үш жағынан тықсырды. 1947 жылға дейін 3 елдің әскерімен алма-кезек соғысқан Оспан алдырмай қойды. Алтай тауының құлама құзына барып бекінген қазақтардың 8 жастағы баласынан бастап қолына мылтық ұстауға жарайтын қарияларына дейін соғысты. 1947 жылы Оспан сарбаздары күллі Алтай аймағына шабуыл жасап, Шығыс Түркістан және Кеңес Одағаның әскерлерін қуып шықты. Сасқалақтаған әскерилер Қазақстанның шекарасын асып қашты. Осылай екінші рет Алтайды азат еткен Оспан сарбаздары бұл жерде көп тұрақтай алмады. Себебі, 1949 жылы қазіргі коммунист Қытай үкіметі орнап, оған Кеңес елі қосылып, аса ірі күшпен Оспанды Алтайдан ығыстырды. 1951 жылдың басында еріксіз ығысып, Тибет шекарасындағы Қанамбал тауына барған соң бірге жүрген серіктерін Үндістанға асырып жіберіп, өзі қасында қалған аз ғана әскерін бастап қайта бұрылады. «Жаттың жерінде тірі жүргенше, туған топырақта сүйегім қалсын!» деп бекінген Оспан батыр ақыры осы жылы қолға түсіп, Үрімжі қаласында атылды. Қазақ тарихында 1789 жылы Сырым батыр Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс 17 жылға созылды. Одан кейін 1836-37 жылдардағы Исатай-Махамбет көтерілісі, 1837-1847 жылдары өріс алған Кенесары бастаған қозғалыс, 1856-1857 жылдары Жанқожа батыр, 1855-1858 жылдары Есет Көтібарұлы бастаған көтерілістер, ең соңғысы, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты бәріміз білеміз. Жоғарыдағы Алтай қазақтарының 11 жылға созылған көтерілісін қазақ тарихындағы ұлт-азаттық қозғалыстардың заңды жалғасы деп таныған дұрыс.

Теги других блогов: Оспан батыр соғыс Кеңес Одағы